Жамбыл облысының әкімдігі қымбат тұрмыстық техникаларға не үшін тапсырыс берді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айдын Алтай сауда үйінің бірінен 700 мың теңге тұратын телефон алып, ақшасын қайтармай қойған, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімдігі қымбат тұрмыстық техникаларға не үшін тапсырыс берді

Дүкеннен қолхат жазып, қарызға телефон алған шенеунік оның ақшасын бір айда өтеуге уәде берген. Алайда, содан бері алты ай бойы сатушыны күнде «ертең» деп, алдап келген. Байланыс үзіп, телефон қоңырауына жауап бермеген соң, сауда дүкенінің басшысы Тараз қаласы әкімінің атына арызбен шыққан.

Ал, қымбат смартфон кімге алынғанын білмек болып, бөлім басшысына хабарласқанымызда «Кімге алғанымды айта алмаймын. Алу керек болды, алдым. Екі ортада мен ыңғайсыз жағдайда қалдым», - дей келе, телефонның қарызын төлеп құтылғанын айтты. Бұдан бөлек, облыстық әкімдік мемлекеттік тапсырыспен құны 1 миллион теңге шамасында тұратын асүй пешіне, 2 миллион теңге болатын 5 дана планшетке, 4 миллион теңгелік теледидарға тапсырыс берген. Бұл мәліметтерді қоғам белсендісі, блогер Исламбек Дастан мемлекеттік тапсырыс сайтынан алып, өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында жариялаған болатын. Қоғамның қызу талқысына түскен ақпараттардың анық-қанығын білмек болып, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлына хабарластық.

«Облыстық әкімдікте 150-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Көп жағдайда үйлеріне барып түстенуге уақыт тапшы болып жатады. Осында асханамыз бар. Қазір тапсырыс берілген тұрмыстық техникалардың ішінде газ плитаның жеңімпазы анықталған. Ал, планшет - облыс әкімінің жұмысын насихаттауымыз үшін жұмыс барысында туған қажеттілік», - деп жауап берді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Бұған дейін біз Тараз қаласы екі аумаққа бөлінетінін жазған болатынбыз.