Жамбыл облысының әкімі түлектері ҰБТ-дан «екілік» алған мектептерді бақылауға алуды тапсырды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Мектептің ҰБТ-дағы көрсеткіші білім беру бөлімдерінің тиімділік белгілерінің бірі, деп мәлімдеді Таразда өткен тамыз жиынында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Жамбыл облысының әкімі түлектері ҰБТ-дан «екілік» алған мектептерді бақылауға алуды тапсырды

«Орта білім беру деңгейінің басты көрсеткіші - Ұлттық бірыңғай тестілеу. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Алтын белгі» үміткерлерінің барлығы биылғы жылы өз білімдерін дәлелдеді. 120 балдан жоғары алған түлектер саны артты, төмен нәтиже көрсеткен мектептер қатары азайды», - деді өңір басшысы. ҰБТ-2016 нәтижесінде жамбылдық түлектердің орташа балдары 78,71 болған (2015 жылы - 78,6).

«Бұл жерде қанағаттанарлық емес баға алған түлектер жайы да айтылады, - деді К. Көкірекбаев. - ҰБТ-да екі алу түлектің көп жылдарда ештеңені ұқпағандығын көрсетеді. Бұл қауіпті белгі. Екі алғандар Меркі, Жуалы және Қордай аудандарының мектептерінде көп. Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм аудандарына қанағаттанарлықсыз баға алған оқушылар саны өсіп келеді».

Облыс әкімі Мойынқұм ауданындағы мектептердің түлектері екі жыл қатарынан төмен нәтиже көрсеткенін атап өтті. 2015 жылы бұл тізімде 9 мектеп болса, биыл оның қатарына үш білім мекемесі қосылған.

«Білім беру сапасын жақсарту үшін Тараз қаласы және аудандар әкімдеріне түлектері ҰБТ-дан төмен баға алған мектептері бақылауға алуды тапсырамын, - деді К. Көкірекбаев. - Мектептің ҰБТ-дағы көрсеткіші білім беру бөлімдерінің тиімділік белгілерінің бірі. Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша 45 мектептің орташа көрсеткіші 65 балдан төмен болды (Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл аудандары). 45 мектептің 17-і екінші жыл қатарынан ҰБТ-да төмен нәтиже көрсеткен мектептер қатарында, оның 12-і Қордай ауданында».

Еске сала кетсек, осы жылы облыста білім беру жүйесін қаржыландыруға 90,2 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,3% -ға жоғары.
Биыл білім беру нысандарының дамуына 6,4 млрд теңге бөлінді. 19 білім беру мекемелерінің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 6 мектептің іске қосылуы жоспарланған.
Биыл 42 білім беру нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарына  4,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді (30 мектеп, 5 бала бақша, 6  колледж, 1 қосымша білім беру мекемесі). Бұдан басқа, 460 млн теңгеге 118 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда (101 мектеп, 12 балабақша, 5 мектептен тыс оқыту мекемелері). 
Арасында Тараз қаласы мен Шу ауданында 7 мектептің (Тараз - 5, Шу ауданы - 2) күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады.
Биыл 6 балабақша ашылып, 390 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3 балабақша (280 орындық) және жергілікті бюджеттен 2 балабақшаның (140 орындық)құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік ағымдағы жылдың басынан бері 5 балабақша ашылды (440 орындық).
Облыста мүмкіндігі шектеулі балалардың 89,5%-ы оқумен қамтылған.
Инклюзивті біліммен қамтылған балалар үлесі өткен жылға қарағанда өсіп, 25%-ды құрап отыр. Бүгінгі күні мектептердің 34%-нда (154 мектепте) мүмкіндігі шектеулі балалардың кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалған. Бұл көрсеткіш Тараз қаласында - 19%, Байзақ ауданында - 18%,  Жамбыл ауданында - 23,6%-ды құрайды.
Тамыз кеңесінде, білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан, үздік мұғалімдерге құрмет грамоталары табысталуымен аяқталды.