Жамбыл облысының ішкі істер қызметінің бірқатар басшылары қызметкерлерден тұрақты түрде заңсыз ақша жинап келген
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің шолғыншы полицейлер қызметінің бірқатар басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Оларға қазіргі таңда полиция қызметкерлерінен заңсыз ақша жинады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресу және ішкі істер органдарының өз араларын парақор қызметкерлерден тазарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда республиканың барлық аумақтық құрылымдарында «сенім телефондары» бар. Сондай-ақ министрліктің жеке сайтында «Сенім парақшасы» орналастырылған. «Онда келіп түскен кез-келген ақпарат назарға алынады және түпкілікті тексеріледі. Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне
де осы көздерге келіп түскен ақпараттар негізінде қылмыстық іс қозғалды», деді департамент бастығы.