Жамбыл облысының мектептері толығымен оқулықтармен қамтамасыз етілді - Құрманбекова

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы барлық мектептер жаңа оқу жылында қажетті оқулықтар және оқу-әдістемелік жиынтықтармен қамтамасыз етілді, деп мәлімдеді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне облыстық білім беру басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.

Жамбыл облысының мектептері толығымен оқулықтармен қамтамасыз етілді - Құрманбекова

Осы мақсатқа бюджеттен 1,78 млрд теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу арқылы алынған оқулықтарды жеткізу аяқталуда. 25 тамыздан бастап оқушыларға кітаптар беріліп жатыр.

Білім басқармасының мәліметінде, осы салаға биыл 90,2 млрд теңге бөлінгендігі келтірілген, ол былтырғы қаржыдан 16,3%-ға көп. 42 білім саласының нысаны жөнделген. Білім саласының 19 нысанының құрылысына 6,4 млрд теңге қарастырылған, соның ішінде 4 мектеп және 3 балабақша «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ҚР Ұлттық қорынан қаржыландыруда.
Биыл 1 қыркүйекте облыстағы 450 мектепке жаңа оқу жылына 210 мың оқушы қабылданады. Ол былтырғы оқу жылынан 11 мың балаға көп. Оның 26 379-ы бірінші сынып оқушылары.