Жамбыл облысының өкілі 2014 жылдың «Үздік провизоры» атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Үздік провизор» республикалық байқауын өткізді.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтаму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Байқау аталған кәсіптің беделін арттыруға, провизорлардың шеберлігін, бастамалары мен шығармашылық күш-қуатын жетілдіруге септігін тигізетін игі дәстүрге айналды.
Байқауға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің өңірлік департаменттері өткізген қалалық және облыстық байқауларының жеңімпаздары қатысты.
Конкурс қорытындысы бойынша: «Үздік провизор» аталымы бойынша Тараз қаласындағы «Жасұлан және К» ЖШС дайын дәрілер бөлімінің меңгерушісі Қарымбаева Шәкизат Рақымбайқызы жеңіске жетті.
«Дәріхана қызметінің басты қағидаты - жоғары фармацевтикалық қызмет көрсету, тиісті дәріхана тәжірибесі талаптарын енгізу, адам денсаулығын сақтау мақсатында науқастың мүддесіне жұмыс істеу болып табылады», - дейді ол.
2-ші орын Ақтау қаласынан келген дәріхана жетекшісі Байбұзова Раушан Ілиясқызына, 3-ші орын Павлодар қаласындағы «Маслова» ЖК жетекшісі, провизор Маслова Елена Игоревнаға бұйырды.
Жеңіске жеткендерді марапаттау салтанаты 2014 жылғы 13 маусымда Астана қаласындағы «Бейбітшілік пен келісім сарайында» өтеді.