Жамбыл облысының полицейлері есірткінің аса ірі партиясын тәркіледі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шу ауданындағы жабайы қарасора өсетін алқаптарда аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен Шымкент қаласының 41 жастағы тұрғыны мен Түркістан облысының 47 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облыстық полиция департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, тінту кезінде ерекше иісі бар өсімдік тектес зат бар үш полиэтилен қап тәркіленген. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 9 кг 880 гр кептірілмеген марихуана мен салмағы 10 кг 730 гр болатын каннабис есірткі заты алынған.
«Ұсталғандар кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, яғни есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.Бұған дейін Жамбылдық полицейлер ауыл тұрғынынан 50 келіден астам есірткі тәркілегенін хабарлаған болатынбыз.