Жамбыл облысының прокурорлары майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады
Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов Таразда тұратын 96 жастағы ардагер Қыбырбай Рыспанбетовті Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Қыбырбай ата майданға 1942 жылы аттанып, 1945 жылы оралды. Сұрапыл соғыстың барлық қасіретін көзімен көрді, Ленинградты қорғады. 1 және 2 дәрежелі ҰОС ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен, басқа да наградалармен марапатталды. Соғыстан оралған соң, ауыл шаруашылығы саласында Отан игілігі үшін қызмет етті. Майдангер прокурордың келгеніне қатты қуанып, алғыс сезімін білдірді.
Ардагерге бағалы сыйлықтар табысталып, ЭКСПО -2017 көрмесіне екі шақырту билеті берілді.
«Қыбырбай ата, Астанаға барып, көрмеде көрсетілетін елдің жетістігін өз көзіңізбен көруге денсаулығыңыз жарайды деп ойлаймын, - деді Ернат Сыбанқұлов. - Мұнда сіздердің, ардагерлердің сіңірген еңбегі шексіз. Сіздердің ұрпаққа қалап берген іргетастарыңыздың арқасында гүлдену жолына қадам басудамыз».
Ал Мойынқұм ауданы прокуратурасының қызметкерлері майдангер Сағаш Әбдіровтің үйіне барды, оның соғыс жылдарындағы ерліктері жайлы білді. Сағаш Әбдіров «Жеңіс», ҰОС ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталды. Соғыстан кейін білім беру саласында қызмет етті. Ұстаз, кейіннен мектеп директоры болды. Шығанақ ауылының ауылдық кеңес, ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды. Қазір отбасында бақытты ғұмыр кешуде, 30 немере, 33 шөбересі, бір шөпшегі бар.
Облыс прокуроры ардагерлер, олардың жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне тұрақты қамқорлық жасап отыруды тапсырды.