Жамбыл облысының шаруаларына арзандатылған отын арман болып тұр
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Биыл Жамбыл облысында алғашқылардың бірі болып Жамбыл мен Т.Рысқұлов аудандарының диқандары егінге орақ салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы, облыс бойынша 379 мың гектар алқапқа дәнді масақты дақылдар егілген. Оның ішінде бидай 162,7 мың, арпа 216,3 мың гектар алқапты алып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, Т.Рысқұлов ауданында 61,7 мың гектарға бидай, 53,2 мың гектарға арпа орналастырған. Қазір аталған аудандағы шаруашылықтардың күшімен жалпы 235 гектар алқап орылып, 305 тонна өнім жиналыпты. Астық ору науқанына барлығы 800 техника жұмылдырылады.
Т.Рысқұлов ауданындағы 1 361 шаруа қожалығының 697-сі егін шаруашылығымен айналысады. Соның бірі – «Ернар» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың егістік алқабы – 2 800 гектар. Бүгінде оның 300 гектары орылып, өнімділігі гектарына орта есеппен 12-13 центнерден айналып отыр.
Қожалық жетекшісі Рысбек Рахметілдаевтың айтуынша, шаруашылық биыл егінге орақты ерте салған. Оған құрғақшылық себеп болып тұр. Қазір шаруашылықтағы орақ науқанына 3 комбайн, 4 «КаМАЗ» бен 1 өрт сөндіруші техника жұмылдырылған. Орақ басында 20 адам еңбек етіп жүр. Рысбек Рахметілдаев алқаптағы егінді бір ай көлемінде орып, жинап алуды жоспарлап отыр. Дегенмен қиындықтар да жоқ емес.
«Біз мемлекеттен берілетін арзандатылған дизель отынына қол жеткізе алмай келеміз. Әр айға бөлінген жанар-жағармай бізге уақытынан бір ай кешігіп жетіп жатыр. Ендігі дизель отынымыз бірнеше күнге ғана жетеді. Ол таусылса, жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Ал, жанармай құю бекеттерінен дизельдің бір литрін 290 теңгеден алып отырмыз. Оның өзіне шектеу қойып қойған. Одан артық бермейді. Бізді қинап тұрғаны осы жанар-жағармай мәселесі. Шөп орағы науқаны кезінде де дизель отыны кеш үлестірілді. Облыс, аудан әкімдері осы мәселені ертерек шешіп, бізге арзандатылған жанар-жағармай уақытылы берілсе», – дейді Рысбек Рахметілдаев.
Аталған мәселе бойынша Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық. Басқарма басшысы Нұрби Жігітеков министрліктен бөлінген жанар-жағармайдың таяу күнде шаруаларға арзандатылған бағада, тиісті көлемде жеткізіліп, үлестірілетінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының шаруалары егістік алқабына дронмен тыңайтқыш сеуіп жүргенін жазған болатынбыз.