Жамбыл облысының шаруашылықтарына 2186,5 тонна пияз экспорттауға сертификат берілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы шаруашылықтар пияздарын экспорттауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, бұған дейін пияз экспортына салынған тыйым жамбылдық шаруаларға қиындық туғызған болатын. Аталған мәселені шешу бойынша Жамбыл облысы әкімдігі мен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан Үкіметке, тиісті министрлікке хат жолданып, көтерілген мәселе өз шешімін тапты. Бұл туралы аталған басқарманың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.
«Күні кеше, яғни 2020 жылдың 14 сәуірінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өнімдерді экспорттауға рұқсат беру туралы №123 бұйрығы жарық көрді. Енді шаруалар осы бұйрықты негізге ала отырып, ҚР АШМ аумақтық инспекциясынан фитосанитарлық сертификат алып, өз өнімдерін экспорттайтын болады»,- делінген хабарламада.
Соған орай аймақтағы Шу (1322,5 тонна), Қордай (84 тонна), Сарысу (140 тонна) аудандары мен Тараз қаласындағы (640 тонна) 8 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 2186,5 тонна пиязды экспорттау бойынша өтінім түсіп, ҚР АШМ аумақтық инспекциясы тарапынан фитосанитарлық сертификат беріліп отыр.