Жамбыл облысының Шу ауданында тегін айып тұрағы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокурорлар азаматтардың құқығын қорғай отырып, Шу қаласында тегін мемлекеттік айып тұрағының ашылуына түрткі болды. Бұл жайында Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысының Шу ауданында тегін айып тұрағы ашылды

«Шу ауданаралық прокуратурасына аудан азаматтарынан айып тұрағынан адам айтса нанғысыз ақшаға өз көліктерін шығарып алуға тура келетіндігін жайлы шағымдар түсе бастады. Бұл жағдайды саралай келе прокурорлар шын мәнінде азаматтардың құқықтарына айтарлықтай нұқсан келіп отыр деп шешті», - деді қадағалау органы баспасөз қызметінің жетекшісі Абырой Азаматов.

Шу ауданының прокуроры Жандос Бердіқұловтың айтуынша, ауданда тек бір ғана жекеменшік мамандандырылған айып тұрағы бар. Басқа тұрақтың болмауы салдарынан полиция қызметкерлері құқық бұзушының көлігін, жол-көлік апатына ұшыраған автомобильдерді істің мән-жайы анықталғанға дейін сол жерге апаруға мәжбүр. Тұрақ ақылы болғаннан кейін онда көлікті бір күнге қалдыру 960 теңгені құрайды. Ал жол-көлік апатына ұшыраған адам істің мән-жайы толық анықталғанға дейін машинасын ақылы айып тұрағына қалдыруға мәжбүр.

«Мәселен, 2016 жылдың жазында азамат А. жол-көлік апатына ұшырап, ұзақ уақыт емделуіне тура келді. 10 айдан кейін ол көлігін алмақ болған еді. Ол 200 мың теңгеден астам соманың есепшоты келгенде таңданысын жасыра алмады. Бұған қоса, көлігінің бірқатар қосалқы бөлшектері жоғалған. Кейін анықталғандай тұрақ әкімшілігінің жарғысында 6 айдан кейін қарыз есебінен көліктің өзін немесе қосалқы бөлшектерін сатуға болатындығы қарастырылған екен. Бұл заңсыз», - деді прокуратурадан.

«Азаматтардың мүддесін қорғай отырып ұсыныс енгіздік және қазіргі уақытта тегін мемлекеттік айып тұрағы ұйымдастырылды. Яғни, ендігі уақытта азаматтар қосымша шығын жасамайтын болады», - деді аудан прокуроры Бердіқұлов.