Жамбыл облысының Талас ауылына таза ауыз су жетті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Талас ауылына таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдың сәуір айында аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде қолға алынған жұмысты мердігер «СК-АВС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Жалпы сомасы 638,4 млн теңгені құраған құрылыс барысын «ЗеинГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалаған.

Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жергілікті жұртшылықты айтулы оқиғамен және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
«Бүгінде, аудан бойынша 43 елді мекеннің 20-сы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл, бар болғаны 46,5 пайызды ғана құрайды. Міне, Талас ауылы 21-інші ауыл болып, таза ауыз суға қол жеткізіп отырса, жыл соңына дейін Қостөбе ауылы да сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Сол секілді Сеңкібай, Жаңатұрмыс, Бурыл ауылдарында қайта жаңғырту жұмыстарынан соң таза ауыз су жүйелері қайта іске қосылатын болады», — деді Қ.Исмаил.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мамед Сулейманов сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты.
Дәстүрге сай, ауыз су ғимаратының лентасы қиылып, су қондырғылары іске қосылды. Келген қонақтар екі жүз метр тереңдіктен тартылып алынып, сүзгіден өтетін таза ауыз судың дәмін татты.
Айта кетейік, жалпы, Талас ауылы бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 19 шақырымды құраса, ол арқылы 591 аула таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы ретінде тұрақты жұмысқа қабылданған.
