Жамбыл облысының тұрғындарына 2 247 жер телімі беріледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Жамбыл облысында 249 гектар жер жеке тұрғын үй салуға берілмек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысының тұрғындарына 2 247 жер телімі беріледі

Ведомство басшысы Бейбітбек Жайлыбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасының басым бағыттарының бірі жеке тұрғын үй секторын дамыту болып табылады. Осыған байланысты құрылысқа берілген аймақтарда инфрақұрылымдар салу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Бірінші кезекте облыстың елді мекендерінің шекараларын бөлу және оны Бас жоспарға сай бекіту жұмыстары жүргізіледі», деді спикер.  

«2005 жылдан бері жер телімдерінің кезегінде облыстың 101 054 тұрғыны тұр. Таразда бұл көрсеткіш - 66 372, Байзақ ауданында - 4 146, Жамбыл ауданында - 5 655, осылай кете береді. Биылғы жылы 249 га жер дайындалып жатыр. Оның 2 247 гектарын кезекте тұрған тұрғындарға беру жоспарланып отыр. Жер қатынастарын жетілдіру мақсатында елді мекендерде жерді жеке иелікке беретін кезде өтемақы төлеудің базалық ставкаларын бекіту жұмыстары жүргізілуде»,-деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.

Бұдан кейінгі кезеңде жерді бөліп беріп, аграрлық секторға инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіледі.

Облыс әкімдігіндегілер өңірде 2020 жылға дейін 2,8 млн шаршы метр жерді пайдалануға беру үшін барлық мүмкіндіктердің қарастырылғандығын атап өтті.