Жамбыл өңірінде 11 медициналық ұйымға «Е-Kezek» электронды жүйесі енгізілуде
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 қарашадағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында тиісті салалар бойынша нақты ұсыныстар айтқан болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті екендігін және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте Жамбыл облысында 95 алғашқы медициналық көмек нысанын салу қажеттігі туындап отыр. Жыл соңына дейін мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде 30 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, бюджет есебінен 9 нысан пайдалануға берілмек. Бюджет қаражатын үнемдеу негізінде 95 нысанның құрылысын жүргізу мерзімі 8-10 жылдан 3 жылға қысқарғанын айта кету керек. Нәтижесінде құрылысқа жұмсалатын 6,5 миллиард теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2,3 миллиард теңгеге дейін қысқартылып, қаржы едәуір үнемделеді.
Ал Жолдаудағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру және ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көбейту бағытында емдеу ісін басқару бағдарламасы өңірдегі 20 емханаға жүктеліп, 180 маман оқытылды. Осы бағдарламаның жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтілетін болады.
«Сонымен қатар облыс бойынша 11 медициналық ұйымға «Е - Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыстағы 43 денсаулық сақтау мекемесінде 8686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелер бойынша жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізілген. «Халықты тіркеу регистрі» ақпараттық жүйесіне тіркелгендер халық санының 65,9 пайызын құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарына 100 пайызды құрайтын болады» делінген хабарламада.
Қатерлі ісіктердің аурушаңдығын, өлімін төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыста онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізіліп жатыр.