Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасының көтерілуіне қандай да бір айғақты негіз жоқ - А.Күрішбаев

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасының жоғарылауына қандай да бір айғақты негіз жоқ.

Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасының көтерілуіне қандай да бір айғақты негіз жоқ - А.Күрішбаев

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбеев мәлім етті.

Нан бағасына тоқталған министр, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерде нан бағасы айтарлықтай өзгермегенін жеткізді.

«Аталған облыстарда ағымдағы айда нан бағасы өсті. Нан бағасының көтерілуіне байланысты жасалған талдауға қарағанда, бағаның жоғарылауына қандай да бір айғақты негіз жоқ. Бұл фактілерді бөлек құрылымдардың алапсатарлық іс-қимылдары ретінде бағалау керек», - деп атап өтті министр.

«Біріншіден, ауа-райының құрғақшылығына қарамастан, биылғы жылдың астық түрлеріне еліміздегі жағдай көңіл көншітерлік. Жалпы астық жиынтығы 13,5-14,5 млн. тонна көлемінде болжанып отыр. Екіншіден, елімізде алдыңғы егін орағынан 7 млн. тоннаға жуық астық қалды. Бұл көрсеткіш 3,4 млн. тоннаға, яғни өткен жылға қарағанда 2 есеге артық», - деді А.Күрішбаев.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, осы арқылы аталған астық көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге және жоғары экспорттық әлеуетті сақтауға жеткілікті.

«Жоғарыда аталған астық көлемінің 3,7 млн. тоннасы былтырғы жылы «Азық-түлік» коопорациясымен сатып алынған астық болып табылады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, нан бағасына ұнның бағасының үлесі 29-35 пайызды құрайды (ұн сұрыптарына байланысты). Ал қалғаны жанар-жағармай, еңбекақы, сондай-ақ сауда қосындысына байланысты.

«Еске сала кетейік, 2008 жылдың басында астық бағасы 230-250 АҚШ долларын құрады. Сол кезде бір бөлке нанның бағасы республика бойынша орташа 46 теңгеден айналды. Бүгінде астық бағасы 140-150 АҚШ доларын құрайды. Алайда, нанның бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ, яғни 43 теңгеден», - деп атап өтті министр.