Жамбыл жолдарында бір аптада 1 мыңнан аса құқық бұзушылық тіркелген
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарда полиция қызметкерлері бір аптада 1224 әкімшілік құқық бұзу дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облыстық ПД патруль полиция батальонының жеке құрамы жол апатының алдын алу және ескерту, жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениетін арттыру мақсатында арнайы шара өткізіп жатыр.
Оның барысында өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы ережесін бұзу деректері анықталуда.
Айталық, бір апта ішінде патруль жасағы 1 224 әкімшілік хаттама толтырған.
«Мәселен, жылдамдық режимін асырғаны үшін 359 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жол қиылысынан өту ережелерін бұзғаны үшін – 91 адам, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін – 61 адам, көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 52 адам айыппұл төледі» деп атап көрсетті Жамбыл облысы ПД ППБ командирі Серғазы Әбдіқұлов.
Сонымен қатар, жол ережесін бұзғаны үшін 63 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылған.
Одан бөлек, 71 жүргізуші көлік құралын пайдалану ережесін бұзған, 17 жүргізуші міндетті сақтандыру шартын жасамаған, бір жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан.
Шара барысында айып тұрағына 17 көлік қойылды.