Жамбылда 10 жасар балаға күрделі ота жасалды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық балалар ауруханасында 10 жасар ер балаға кеуде қуысының деформациясын түзету бойынша жоспарлы түрде ота жасалды. Баланың нақты диагнозы – «3- дәрежелі туа біткен шұңқыр тәрізді кеуде деформациясы», деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ортопедия бөлімінде алдын ала дайындықтан кейін эндовидео ассистенциясымен Насса бойынша торакопластика-хирургиялық араласу жүргізілді. Деформация жойылды. Жағдайы жақсарған соң 7-ші тәулікте бала үйіне шығарылды.
«Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ортопедия бөлімшесінде кеуде қуысының туа біткен және жүре пайда болған деформацияларын емдеудің инновациялық әдістері 2015 жылдан бастап сәтті қолданылып келе жатқанын атап өткен жөн. Шұңқыр тәрізді кеуде қуысын түзету үшін ауруханада төмен инвазивті торакопластика, соның ішінде модификацияланған Дональд Насса отасы жасалады.
Насса торакопластика операциясы-бұл кеуде қуысының шұңқыр тәрізді деформациясын жоюға арналған минималды инвазивті әдісті қолданатын хирургия. Мұндай оталар Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қолжетімді болып табылады», - деп жазды Денсаулық сақтау министрлігінен.
Минималды инвазивті торакопластиканың артықшылықтары:
- кеуде қуысының алдыңғы бетінде үлкен тыртықтарды болдырмау мақсатындағы керемет косметикалық нәтиже;
- радикалды әдістермен салыстырғанда жұмсақ тіндердің минималды жарақаты және ота кезінде қан жоғалтудың минималды мөлшері;
- шұңқыр тәрізді деформациясы бар кез келген жастағы балаларға жарамды;
- отаның ұзақтығы радикалды әдістермен салыстырғанда 1,5-2 есеге аз.
Ведомствоның мәліметінше, ота анестезиямен жасалады, тыныс алу және жүрек қызметі бақыланады. Шағын хирургиялық кірулер кеуде қуысының бүйір беттері бойымен әр пациент үшін жеке-жеке қатаң есептелген нүктелерде орындалады. Дәрігерлер кеуде қуысының мөлшері мен пішінін, кеуде қуысының деформациясының түрі мен дәрежесін ескере отырып, пластинаның жеке конфигурациясын жасайды.
«Ота деформация дәрежесіне және орнатылатын пластиналар санына байланысты орта есеппен 40-60 минутқа созылады. Науқас шамамен 7 тәулік ауруханада жатады», - делінген хабарламада.
Отадан кейінгі кезеңде науқастарға симптоматикалық терапия және тыныс алу жаттығулары тағайындалады. Осы уақыт аралығында науқастар әл-ауқаттарының жақсарғанын, тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерінің төмендегенін байқайды. Денеге толық салмақ салуға отадан соң 6 айдан кейін ғана рұқсат етіледі. Дегенмен, толық және тұрақты әсерге жету үшін 2-3 жыл уақыт керек. Осыдан кейін пластинаны алып тастау қажет.