Жамбылда 182 мың адам цифрландыруды оқыту курсынан өтті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы әкімдігінде аймақтық жобалық басқару кеңсесінің жұмысы мен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақта білім, денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғындарға қызмет көрсету және т.б салаларды цифрландыру бойынша өткізіліп жатқан шаралар талқыланды. Бүгінде бұл бағдарлама аясында 182 534 адам оқыту курсынан өткен. Бұл - биылғы жылдың жоспарына сай көрсеткіш. Олай болғанымен, облыс әкімі Асқар Мырзахметов жыл соңына дейін бұл көрсеткішті өсіру жолдарын атап өтті.
Кеңес барысында аймақта білім нысандарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілгені айтылды. Биыл бұл көрсеткіш 93 пайыз орындалған. Келесі жылы облыс мектептерін 100 пайыз интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл клубтарында ақпараттық орталықтарды ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биыл Тараз қаласындағы 111 балабақша балаларды кезекке қоюдың автоматтандырылған электронды жүйесіне толық өтті.
«Көрсеткіштерді өсіру үшін екі-үш жылдық жоспарлар белгілемей, тиісті шараларды уақытылы қолданған дұрыс», - деді Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметов.