Жамбылда 2 мыңнан аса балабақша қызметкері өздеріне тиесілі төлемақыны алмаған
Наурыз айында Тараз қаласының прокуроры «Сенім маршруты» жобасы аясында кәсіпкерлермен кездесті.
Айта кетейік, «Сенім маршруты» жобасына прокуратура халықпен кері байланыс орнату, құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтар тарапынан шағымдардың алдын алу және жүйелі құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында бастамашылық жасаған.
Кездесу барысында кәсіпкерлер 26 мың бала тәрбиеленетін балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыру төмен екенін айтып, қызметкерлерге еңбекақы төлеуде, нысандарды жалдауда қиындықтарға тап болғанын жеткізді.
Талдау барысында кәсіпкерлердің уәждері өз дәлелін тапты.
Биыл айлық есептік көрсеткіштердің және басқа да елеулі коэффициенттердің өскеніне қарамастан, 2022 жылмен салыстырғанда әр балаға бөлінетін қаржыландыру көлемі өзгермегені анықталды.
Тиісінше, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардағы еңбекақы төлеу қоры ұлғайтылмаған, салдарынан 2 123 қызметкердің құқығы бұзылған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгеге ұлғайды.
Қалалық балабақшалардағы әрбір балаға қаржыландыру көлемі 4,4 мың теңгеге өсіп, 46 мың теңгені құрады, ал ауылдық балабақшаларда - 5 мың теңгеге көтеріліп, тиісінше 50 мың теңге болды.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге 500 млн теңгеге жуық қаражат төленді. Қалған соманы жыл ішінде төлеу жоспарланған.
Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жалғасып жатыр.