Жамбылда 58 ауылда мүлдем спорт алаңшалары жоқ

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшалары жоқ. Оның ішінде 58 ауылда мүлдем спорт алаңшалары салынбаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбылда 58 ауылда мүлдем спорт алаңшалары жоқ

Бұл туралы Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов аппараттық кеңесте хабарлады.

Оның айтуынша, облыс спортшылары биыл үш ай ішінде түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 396 медальға ие болған. Оның 141-і алтын болса, 126-сы күміс, 129-ы қола.

«Біз Жамбыл облысының барлық елді мекенінде зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде облыстағы 369 елді мекеннің 194-інде спорт секциялары жоқ екені анықталды.

Биыл облыс бойынша 18 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін олардың 12-сі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған 6 спорт кешені 2024 жылға өтпелі», – деді Арман Ташметов.

Айта кетейік, бұған дейін біз Қазақстандық қос спортшы үстел теннисінен әлем чемпионатына жолдама алды деп хабарлаған болатынбыз.

Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, З.Ақашева мен С.Миркадирова ITTF рейтингісі бойынша 20-28 мамырда Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтетін дүниежүзілік додада бақ сынайтын болды.

Мұнымен қоса, Үстел теннисі, ауыр атлетика, дзюдо, шахмат – Қазақстан спортшыларының апта ішіндегі жетістігін жариялағанбыз.