Жамбылда 92 мыңнан астам бала Pfizer вакцинасын салдырады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer Comirnaty препаратымен вакцинациялау науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбылда 92 мыңнан астам бала Pfizer вакцинасын салдырады

ҚР Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес Comirnaty BioNTech/Pfizer вакцинасымен иммундау басталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 11 қарашада Жамбыл облысына 40 950 доза вакцина жеткізілді.

Бұл препаратпен 12-17 жастағы балалар және 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдер, сондай-ақ емізетін аналар егіледі.

21-28 күннен кейін вакцинацияның екінші кезеңі жүргізіледі. Осы уақытқа дейін халықтың нысаналы топтары арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Бұл жұмыстар жалғасуда.

«Жасөспірімдерді вакциналау балалардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Біздің облыста Pfizer вакцинасымен 139 230 адамды вакциналау жоспарланған. Оның ішінде 92 960 адам - 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 46 270 - жүкті және бала емізетін әйелдер. Жақын арада өңір бойынша 441 білім мекемесінің медициналық пункттерінде вакцинация жүргізіледі»,-деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, Әсет Қалиев 22 қарашада ревакцинация басталатынын атап өтті.

«Біз вирустың штаммының мутацияланғанын көріп отырмыз, сондықтан, ең алдымен, 65 жастан асқан қарт адамдарға, иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға, сондай - ақ алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне, білім беру мекемелері мен ішкі істер қызметкерлеріне ревакцинация жасауды ұсынамыз»,-деді ол.

Жалпы, өңірде коронавирусқа қарсы вакцинамен барлығы 631 300 адамды қамту жоспарланған.

Қазіргі уақытта облыстың 576 мың тұрғыны егілді, бұл 91%-дан асады.