Жамбылда асарлатып салынып жатқан 114 үйдің алғашқысы пайдалануға берілді
Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов пен ауыл тұрғындары қатысты.
«Асарлату — ата-бабамыздан келе жатқан игі іс. Бұл елді бірлікке, елдікке, ынтымаққа шақыратын, мұқтаж азаматтарымызға, жетім, жесір, аз қамтылған отбасыларға көмек болатын жоба. Қазақ ешқашан жетімін, жалғызын жылатпаған. «Алаштың ұлдары біріксе күш, қосылса қуат болады» дейді осындай күш біріктірген жомарт меценаттарымызға алғыс айтамыз!» — деді Ержан Жаматұлы.
Бүгінгі таңда өңірде жоба аясында 11 үй тұрғызылып жатса, бұл ауданда 16 үйдің құрылысы жүруде. Алғашқы баспанаға Құрмановтар отбасы ие болды.
«Бұған дейін ауылда пәтер жалдап тұрғанмын. Күйеуім қайтыс болған. Қазір балаларымның алды 17-де, барлығы мектепте оқиды. Бір өзіме қиын болды. Ал осы бастаманы қолға алып отырған облыс әкіміне алғысым шексіз! Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек сыбана кірісті. Мұның бәрін тегін жасады. Барлығына рахмет!» — дейді Ғалия Құрманова.
Асарға ауылдың жомарт азаматтары мен ерікті жастары қатысқан. Құрылыс жұмыстарына қажетті кірпіш қолдан құйылып, меценаттардың бірі терезесін әперсе, бірі үй жиһаздарымен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, ауылдағы шаруа қожалықтары 5 қой және бір сиыр алып беріпті.
«Бұрынғы ата-баба дәстүрімен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып отыр. Ұмыт бола бастаған дәсүр қолға алынғаны жақсы үрдіс деп ойлаймын! Ауылымыздың бұрынғы аты Ынтымақ болатын. Тұрғындарымыздың атына сай ынтымағы жарасқан. Ауылымызда көптеген өзгеріс болып жатыр. Мұның бәрі - қуанарлық тірлік», — дейді зейнеткер Асан Әлмахашұлы.
Шара соңында Мәдімар ауылында асарлатып үй салуға үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің, аудан мәслихатының грамотасы және ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталды.