Жамбылда әйел ажырасқан соң артынан барған жасауын сот арқылы қайтарып алды

2021 жылдың маусым айында талап қоюшы жауапкермен мұсылмандық некеге тұрған.
Тойдан кейін қалыңдықтың туыстары дәстүр бойынша қыз жасауын сыйлаған.
Алайда отбасындағы түсініспеушіліктің салдарынан ерлі-зайыптылар ажырасқан.
Күйеу жігіттің туыстары қыз жасауын қайтарудан бас тартқаннан кейін әйел аталған мүлікті қайтарып алу үшін сотқа жүгінген.
«Істі қарау барысында тараптар сот медиациясы жолымен дауды бітімгерлікпен шешу жөнінде келісім жасады. Оның шартына сәйкес, жауапкер 14 сәуірге дейін талап қоюшыға тізімге сәйкес қыз жасауын өз еркімен қайтаруға міндеттенді. Ал талап қоюшы белгіленген мерзімде мүлікті тиеп, әкетуге тиіс» деп хабарлады Рысқұлов аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот екі тарапқа медиативтік келісімді бекіту мен істі тоқтату салдарын түсіндірді.
Медиатив келісім туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енді.