Жамбылда бағалы нөмірлерді сатып алушылар бюджетке 58 миллион теңге түсірген
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жоғары сұраныстағы нөмірлерді сатып алушылар бюджетке 58 миллион теңге түсірді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Мамбет Смаиловтың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан көлік құралдарын тіркеу және есептен алу бойынша – 42082 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 10104 жүргізуші куәлігі берілген десек, 2149 адам оны жаңадан алған.
Сондай-ақ, «www.egov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы 3870 көлік құралы тіркеліп, 2420 жүргізушіге куәлік берілген.
Сонымен қатар, 400-ден астам көлік құралдары үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің төлнұсқасы берілген. Себебі, оның ішінде түсіп қалғандары және жол-көлік оқиғасынан жарамсыз болып қалғандары кездеседі.
«Жоғары сұраныстағы нөмірлердің 218 данасы жалпы сомасы 58 миллион 415 мың теңгеге сатылды десек, оның ішінде жиі кездесетін 010-нан 090 дейін және 077, 707 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 96 данасы өткерілген»,-дейді М.Смайлов.
Айта кетейік, әкімшілік полиция бөлімшелері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 3 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар: мемлекеттік тіркеу және кейбір көлік құралдарын көлік құралының теңестіру нөмірі бойынша есебі, көлік құралдары үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын беру, жүргізуші куәлігін беру.