Жамбылда бір айда коронавируспен ауырғандар саны 5 есеге өскен

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев карантин шараларын сақтау бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбылда бір айда коронавируспен ауырғандар саны 5 есеге өскен

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев COVID-19-дың таралуының жол бермеу бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлады. Оның айтуынша, облыста дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті екенін, егер қажеттілік болса 4500 төсек-орынға орналастыру мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Салалық басқарма Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитетінің департаментімен бірлесіп медициналық мекемелердің коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындығына мониторинг жүргізуде, оның қорытындысы бойынша қосымша шаралар қабылданбақ.

Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндай келе облыстың бас дәрігері Тараз, Шу, Қордай аудандарында жағдай күрделене түсуде екенін жеткізді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нейля Муликова қазан айымен салыстырғанда қарашада коронавируспен сырқаттанушылықтың 5,6 есеге артқанын айтты.

Бейнеконференция режимінде қатысқан аудан әкімдері карантин талаптарын бұзушыларды анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы қысқаша есеп берді.

«Мониторингтік топтар жұмысты босаңсытқан. Көпшілік жағдай реттелді деп ойлайды. Тұрғындар екінші толқынға алаңдамайтын секілді. Әйтпесе, олардың маскасыз жүргенін, антисептик қолданбайтынын, әлеуметтік қашықтықты сақтамайтынын қалай түсіндіруге болады», - деді облыс әкімі.

Ол мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсырып, әкімдер бұл мәселені жеке бақылауында ұстауы керектігін баса айтты.

«Ойын-сауық мекемелері түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Мереке қарсаңында кәсіпкерлер мүмкіндігінше көп ақша табуға тырысады және сол арқылы барлық келушілердің денсаулығына қауіп төндіреді. Мен өзім кәсіпкерлермен арнайы кездестім. Олар мекемелердің жұмысын қалпына келтіруге рұқсат сұрады және барлық санитарлық нормаларды сақтауға уәде берді. Ал қазіргі ахауалды көріп отырсыздар. Егер осылай жалғаса берсе, біздің облыс «қызыл» аймаққа енуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Мен түсінемін, бизнеске табыс керек, жұмысшыларға жалақы төлеу керек. Бірақ адам өміріне қауіп төніп тұрғанда, біз олай тәуекелге бара алмаймыз. Мониторингтік топтар карантинді бұзу фактілерін анықтап, істі сотқа дейін жолдауы керек. Бірнеше рет бұзғандарды лицензиясынан айыру керек», - деп талап етті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев коронавируспен ауыратындар саны көбейе түссе, шектеу шараларын енгізу керектігін жеткізді. Ол жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығына автобустарда санитарлық нормалардың сақталуын қадағалауды, тұрғындармен тұрақты түрде түсіндіру және облыс орталығында ауқымды дезинфекция жұмыстарын жүргізуді, ПТР тестілеуімен мүмкіндігінше көп адамды қамтуды тапсырды.