Жамбылда бір күнде 582 мәрте жол ережесі бұзылған

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында бір күнде 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбылда бір күнде 582 мәрте жол ережесі бұзылған

Айта кетейік, Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі патруль полиция батальоны қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде. Іс-шара үш күнге жоспарланған.

«Іс-шара жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін анықтауға, соның ішінде мас күйінде көлік құралын басқару, қарама-қарсы жолға шығу, авариялық жағдайдың туындауына, жолаушыларды заңсыз тасымалдау секілді кемшіліктерді анықтауға бағытталған. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша 582 әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталса, оның 20-сы қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған»,- дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін әрдайым сақтауға шақырады.