Жамбылда бұзақылар күзетшіні пышақтап кетті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында «Алнұр» демалыс аймағында бұзақылар күзетшіні жарақаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«20 шілде күні ІІБ ЖБО-ға Тараз қаласындағы №1 ауруханаға «Алнұр» демалыс аймағының 21 жастағы күзетшісі пышақталып түскені туралы хабарлама келіп түскен. Бұл факті ҚР ҚК 293-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне суық қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық ретінде тіркелді», - деп түсіндірді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тергеу барысында анықталғандай, 20 шілде күні белгісіз біреу қоғамдық тәртіпті бұзған, ал күзетші оны тоқтатпақшы болғанда, бұзақы оған дөрекілік танытқан. Осылайша, екеуінің арасында жанжал болған. Бұдан кейін бұзақы демалыс аймағының күзетшісін өткір құралмен жарақаттап, оқиға орнынан ізін суытқан.
Жедел-тергеу тобы оқиға орнында тексеру жүргізіп, куәгерлерден сұрастырып, видеоматериалдарды қараған. «21 шілде күні қылмыстық іс ҚР К 106-бабы 2-тармағы бойынша бұзақылық салдарынан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру ретінде қайта тіркелді. Полиция қызметкерлері 19 жастағы азаматты ұстады, тергеу барысында ол өз кінәсін мойындады», - деп нақтылады облыстық ІІД қызметкері.