Жамбылда карантин талаптарын бұзғандарға 31 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер карантиндік талаптарды бұза отырып жасалынған кезекті тойды тоқтатып, қонақтарды таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбылда карантин талаптарын бұзғандарға 31 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған

Тараздағы ойын-сауық мекемелерінде санитарлық нормалардың сақталуын тексеру кезінде мобильді топтар ойын-сауық мекемелерінің сағат 23:00-ден кейін қызмет көрсетуі, бетперде және әлеуметтік арақашықтық режимінің сақталмауы, адамдардың көп жиналуы секілді бұзушылықтарды анықтады.

Мәселен, 60-тан астам қонақтың қатысуымен өтіп жатқан тойды Тараз қаласының полициясы тоқтатты. Оған келген қонақтардың жасы 5-73 аралығында. Полиция қызметкерлерін көрген қонақтар той иелерімен қоштаспастан, қаша бастаған. Барлық қонақтармен түсіндірулер жүргізіліп, ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік хаттама жасалған.

«Жамбыл облысында карантиндік шектеулер әлі де сақталып отыр, дегенмен тұрғындар санитарлық талаптарға бей-жай қарауда. Тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және жақындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырамыз», - деп атап өтті департамент.

Жыл басынан бері өңірдегі түрлі меншік нысандарындағы төрт мыңнан астам нысан рейдтік тексерулермен қамтылды. Рейдтер барысында карантиндік режимнің сақталмауы бойынша 294 заң бұзушылық анықталып, жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында Жамбыл облысы тауарлар және көрсетілетін қызметтерінің сапасын мен қауіпсіздігін қадағалау департаментіне жолданды. Анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 30 860 885 теңгеге 264 айыппұл салынды.