Жамбылда Конго-Қырым қанды безгегінің табиғи ошағы азайған
Бұл туралы баспасөз конференциясында Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Қартабаев атап өтті. Оның айтуынша, облыста ветеринарлық жағдай бірқалыпты және тұрақты бақылауда.
«Конго-Қырым геморрагиялық безгегінің табиғи ошағында орналасқан жекелеген елді мекендерде 3 жыл көлемінде ауру тіркелмегендіктен және ауру қоздырғышын тасымалдаушы кене анықталмауына байланысты биыл осындай елді мекендер саны 83-тен 48-ге кеміді. Кенеге қарсы жұмыстардың көктемгі екі кезеңі толық аяқталды. Нәтижесінде жоспарға сәйкес 48 елді мекенде көлемі 4 743 647 шаршы метр болатын 17 917 қора жай, 502 238 бас мал кенеге қарсы 100 пайыз дәріленді»,-деді Қанатбек Қартабаев.
Қазіргі таңда залалсыздандыру жұмыстарының күзгі 3 кезеңі атқарылуда. Сондай-ақ, табиғи ошақта 22 мал тоғытпасы және 38 душ қолданысқа алынған. Қора-жайларды дезинфекциялау жұмыстары 17 ДУК автокөлігімен жүргізілуде.