Жамбылда медициналық орталықта сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы медициналық орталықтардың бірінде дəрігерлер медициналық анықтамаға мөрлерін 1 мың теңгеге басып беріп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат zhambylnews.kz сілтеме жасап. 

Жамбылда медициналық орталықта сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Проф Мед» ЖШС медициналық орталығында алдымен əлеуметтік сауалнама өткізген.

Сауалнама нәтижесі бойынша медорталықтың сыбайлас жемқорлыққа 56% жақын екендігі анықталды. Бұдан кейін жүргізуші куəлігін алуға медициналық анықтама үшін «Құпия сатып алушы» тәсілімен іс-шаралар өткізілді.

Нəтижесінде медорталықтың дәрігер-окулисі көзі нашар көретінін жеткізген азаматтан 1000 (бір мың) теңге сыйақы алу арқылы оған оң қорытынды шығарып берген.

Сондай-ақ, облыстық психоневрологиялық диспансер қызметкері де осындай әрекеттерге барған. Ол тексерілушінің қатысуынсыз 1000 теңге (бір мың) көлеміндегі ақшалай сыйақыға психологиялық тест бланкісін өз қолымен толтырып берген.

Айта кетерлігі, мониторинг нәтижесінде медорталықтың мемлекеттік мекеме еместігі және онда мемлекеттің қатысу үлесі жоқтығы белгілі болды. Осыған байланысты, аталған фактілер жөніндегі материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін Жамбыл облысының құзырлы органдарына жолданды.