Жамбылда мейрамхана иелерінің арасында жаңа челлендж басталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық кәсіпкерлер коронавирус инфекциясымен күрес бойынша өзекті челленджге белсене қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбылда мейрамхана иелерінің арасында жаңа челлендж басталды

Челлендж Жамбыл облысы полиция департаментінің Instagram әлеуметтік желісінде ұйымдастырылып жатыр.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бастама қалалық және аудандық кәсіпкерлердің бір-біріне жолдаған бейнетүсірілімі арқылы өрбуде.

Қалыптасқан жағдайға байланысты өз кәсібінің тұралауына қарамастан, кафе, мейрамхана және облыстың басқа да ойын-сауық орындарының иелері видео арқылы әріптестерін челленджге қатысуға және коронавируспен күрес бағытында енгізілген шектеулерді орындауға шақырады.

Айталық, Тараз қаласындағы «Офелия» кафесінің директоры әріптестерінің шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарауға шақырады.

«Барлық енгізілетін жарлықтар біздің, ел тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін маңызды. Біз оларды тиісінше орында сақ, өз жағдайымызды жеңілдетеміз», – дейді ол.

Әкімшілер мен мекеме директорларының пікірінше, әрбір кәсіпкер енгізілген шектеулерді орындауға жауапкершілікпен қарауы, орын алған оқиғалардан тыс қалмауы және коронавирусқа қарсы күреске өз үлесін қосуы қажет.

Кәсіпкерлік челлендж - коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте полиция қызметкерлеріне нақты көмек.

Өз кезегінде, полиция қызметкерлері осы бағыттағы барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Атап айтсақ, күнделікті рейд ұйымдастырылып, облыстың барлық дәмханалары мен мейрамханаларының иелеріне ескерту жасалған. 2000-нан астам жадынама табыс етілген.