Жамбылда «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Парасатты Отбасы» байқауы өз мәресіне жетті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқауға қатысқан барлығы 9717 отбасының ішінен ең үздіктері анықталды.
Бас жүлде «Парасатты отбасы» номинациясын Жамбыл ауданы Шайқорық ауылының Әбілдаевтар отбасы жеңіп алды. Отағасы Тәжіғұл Әбілдаев облыстығы ең ірі кәсіпорын «Казфосфат» ЖШС-да еңбек етеді. 4 бала тәрбиелеп отырған Әбілдаевтар отбасы бауырмалдық, қайырымдылық, достық, отансүйгіштік игі қағидаларын негізгі ұстанымына айналдырыпты.
Сондай-ақ, бұдан бөлек 19 отбасы «Үздік оқырман отбасы», «Өнерлі отбасы», «Жомарт отбасы», «Интеллектуалды отбасы», «Көптілді отбасы», «Шеберлер отбасы», «Өндірістегі үздік отбасы», «Ең салауатты отбасы», «Шығармашыл отбасы» секілді номинациялар бойынша марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді.
Жеңімпаздар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділбек Әшірбаев құттықап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Байқау ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, «Жамбыл адалдық алаңы» және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – қоғамның негізін қалайтын отбасы институтын дамыту. Сондай-ақ отбасындағы бауырмалдық, қайырымдық қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. Он мыңға жуық отбасы қатысқан байқаудың ақтық сынында «Парасатты отбасы», «Көп тілді отбасы», «Интеллектуалды отбасы» сынды номинациялар көптің көңілінен шықты, – деді Талғат Мамаев.
Сондай-ақ, аталған департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев аталған байқаудың өңірдегі отбасыларды парасаттылыққа баулитынын тілге тиек етіп, қоғамның жақсаруы осындай өнегелі отбасылардан басталатынын жеткізді.