Жамбылда шетелден келген азаматтар медициналық бақылаудан өтуде

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қазіргі уақытта басқа елден келген азаматтарға медициналық бақылау мониторингі жүргізілуде. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Басқарма басшысының айтуынша, медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге, сондай-ақ 1А санаттағы елдерден (ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея) келген адамдарды 14 күнге стационарлық жағдайда карантинге оқшаулауға дайын.

Барлық медұйымдарда медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдары, дезинфекциялық препараттар, дәрілік заттардың қажетті қорымен қамтамасыз етілген.

Қазіргі уақытта басқа елдерден келген азаматтарға (1-А, 1-Б, 2, 3- санат) медициналық бақылау мониторингі жүргізілуде.

«2020 жылдың 10 наурызына облыс аумағында 1А-санатындағы елдерден, яғни ҚХР, Иран, Оңтүстік Кореядан келген 51 азамат карантинге жатқызылаған. Оқшауланған тұлғалардың жағдайы бірқалыпты. Бүгінгі таңда 51 азаматтың 10-ы инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай шығарылды. Ал, 1Б санаттағы елдерден (Италиядан) келген 4 адам үй жағдайында 14 күндік карантинге жатқызылған. Оның ішінде бір азамат инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай бақылаудан алынды»,-деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, спикер 2-санаттағы Германия мен Испания елдерінен келген 11 азамат 14 күнге медициналық бақылауға алынғанын, оның ішінде 3 азамат инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай бақылаудан босатылғанын жеткізді.

«Сол сияқты 3-санаттағы елдерден келген 195 азамат есепке алынды. Оның ішінде 26 азамат инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай бақылаудан шығарылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және күнделікті бақылауда»,-деді М.Жұманқұлов.


Соңғы жаңалықтар