Жамбылда үш жыл ішінде 15 мыңнан астам ұстаз арнайы курстан өткен
Кездесу барысында өңір басшысы Елбасы Жолдауындағы білім сапасын арттыруға арналған міндеттемелердің облыс бойынша орындалу барысына тоқталып өтті.
Бүгінде облыстағы барлық мектептердің 1,2,3,5,6,7,8 сыныптары Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Ондағы озық тәжірибені тарату мақсатында өңірдегі 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде жұмыс атқаруда. Бұл орайда үш жылдың ішінде 15840 мұғалім арнайы курстан өткен. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың жалақысы 30 пайызға өскен. Ол үшін ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен 3 миллиард 540 миллион 799 мың теңге бөлінген.
Айта кетейік, жаңа бағытта білім беруге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы, Тараз қаласындағы Назарбаев мектебімен біріккен жоспар құрылған. Сондай-ақ, облыстық оқу әдістемелік кабинеті мен Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өзара келісімшарт жасасқан.
Күләш Шәмшидинова өз сөзінде бүгінгі ұрпаққа білім жолында көптеген талаптар қойылып отырғанын, оларға заманауи, жаңаша мазмұнда білім берілу керектігін баса айтты. Жиын соңында Асқар Исабекұлы мен Күләш Ноғатайқызы, Күләш Ноғатайқызы мен Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша арнайы меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, білім беру мазмұнын жаңарту - білім берудің қазіргі заманғы үрдістерін және қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған. Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде оқу бағдарламаларын әзірлеу кезінде қазақстандық педагог-практиктердің және ғалымдардың ұсыныстары ескерілді. Мұнда оқытудың бірнеше әдіс-тәсілдері қарастырылған. Атап айтқанда, құндылықты-бағдарланған тәсіл, тұлғалық-бағдарланған, жүйелік-әрекетті, комумникативті, интегративті, зерттеу және интербелсенді тәсілдер.
Ғибрат Сембай