Жамбылда жылқысын іздеуге шыққан 55 жастағы малшы адасып кетті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Сарысу ауданының полицейлері адасып кеткен малшыны үйіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының тұрғыны хабарласып, жоғалған жылқысын іздеуге кеткен 55 жастағы жолдасының үйіне оралмағанын айтқан.
Егде кісінің аязды күні адасып, үсіп қалуы мүмкін екенін ойлаған полицейлер шұғыл түрде іздеу жұмысына кіріседі.
Аудандық полиция бөлімі басшылығының тапсырмасымен бес жол талғамайтын көлік пен 10 полиция қызметкерінен тұратын топ құрылып, іздеуге аттанған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған жылқысын іздеймін деп адасып, астындағы аты әбден қажып, өзі қатты тоңып қалған малшыны полицейлер түнгі сағат 23.00 шамасында Шымкент тасжолының бойындағы Түркістан ауылдық учаскесі маңынан тапты. Оның мал іздеп ауылдан алыстап кеткені, бағдардан айырылып, қайтар жолды таппай, адасқаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері оны көлікке отырғызып, бойын жылытып, жүрмей қалған атын жүк көлігіне салып, үйіне жеткізді. Азамат медициналық көмектен бас тартқан» делінген ведомство хабарламасында.
Ал осы оқиғаның ертеңіне полицейлер малшының бір күн бұрын жоғалған жылқысын іздеп тауып, иесіне қайтарды.
Шынайы риза болған тұрғындар полицейлерге алғысын жеткізді.