Жамбылдық Антикор мектептерде ақша жинау фактілерін тоқтатуды талап етті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мамандары білім саласындағы бақылау департаменті және облыс әкімдігінің білім басқармасы өкілдерімен бірге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін жағдайлардың туындау себептерін талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға Тараз қаласының мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінің педагогикалық ұжым және басшылық құрам қатысты.
«Өкінішке орай, қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сейілмей тұр. Өңірде білім саласы бойынша 2019 жылы – 6, 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 2, биыл 6 қылмыс тіркеліп отыр. Оған себеп, аталған саладағы жемқорлық тәуекелдерінің кездесуінде, яғни жұмысқа қабылдау, сағаттарды бөлу барысында пара алу, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыру, тауарларды қымбат бағамен сатып алу, орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару, ұжымда қаражат жинау, бала асырап алу үшін құжаттар жасауға пара сұрау, лауазымды асыра пайдалану және тағы басқа», - деді Антикор өкілі Даурен Омаров.
Ол құқық бұзушылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тоқталып, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.