Жамбылдық бірқатар нәзік жанға Мемлекет басшысының құттықтау хаты табысталды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-рухани дамуына айтулы үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандарды қабылдап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің құттықтау хатын табыстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысының құттықтауына ие болғандардың қатарында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Айгүл Ақшалова, «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік даму орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья, осы институттың зертхана меңгерушісі Күләйсан Сұлтанқұлова, ақындар Үміт Битенова, Шырынкүл Мамасерікқызы, Паралимпиада ойындарының жеңімпазы (жүзу) Зульфия Ғабидуллина, Кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова бар.

Аймақ басшысы олардың еліміз бен өңірді өркендету, рухани дамыту, спорт арқылы абыройын асқақтатудағы жемісті әрі жеңісті еңбектерін елеп өтіп, Мемлекет және облыс басшылығы атынан алғысын білдірді.
Бердібек Сапарбаев елімізде аналар мен балаларға барынша көңіл бөлініп, әлеуметтік қорғау, денсаулықтарын сақтау жолында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баса айтты. Нәзік жандарға өз қарым-қабілеттеріне қарай кез-келген салада жетістікке жету үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөліне тоқталды.

Бұдан сон салтанатты түрде ҚР Президентінің құттықтау хаттары табысталды.

«... Сізді 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Барша тіршілік иесіне нәр берген көктемнің алғашқы мерекесі жүрегіңізге мейірім, жаныңызға күш-қуат сыйласын!.
Әрдайым өз ортаңызда сыйлы болып, құрмет пен қошеметке бөлене беріңіз. Сізге зор денсаулық, баянды бақыт және құт-береке тілеймін!»-делінген құттықтау хатта.

