Жамбылдық дәрігерлер алғаш рет бас сүйекке титан пластик қою арқылы ота жасады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында алғаш рет 15 жастағы балаға әлемді мойындатқан неміс технологиясы арқылы бас сүйегінің орнына титан пластик (жасанды темір) құрылғысын қою бойынша күрделі ота жасалды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жасөсіпірім алғашқыда өзінің ауырғанын елемей, уақыт созып алған. Кейіннен аяқ астынан жағдайы нашарлап, әлсірей бастағандықтан ата-анасы баланы жедел жәрдем көмегімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына әкелген. Компьютерлік томографиялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның бұрыннан бас сүйегінде ақауы бар екені анықталып, әрі ишемиялық инсульт алып үүлгерні белгілі болады. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, баланың өмірін сақтап қалуға кіріскен.
Білікті нейрохирург Саят Жұмабаевтың басшылығымен балаға әлемге әйгілі неміс технологиясы арқылы оң жақ бас сүйегінің ісіген бөлігі орнына титан пластик (жасанды темір) салынды.
Ең алғаш рет Германияда қолданылған титандық пластика – қазіргі ең соңғы хирургиялық жетістіктердің бірі болып есептелінеді. Олар 1996 жылдан бері шіріген үш сүйекті алып тастап, орнына сондай үлгідегі титаннан жасалған протез салуда. Бүгінде Германияда ондай протездің 25 түрі шығарылып, он жылдан бері қолданысқа енген.
«Бұл протез темір болғанымен, салмағы 2-ақ микрограмм, өте жұқа әрі нәзік. Титандық пластикалық операцияның нәтижесінде ми тамырларының қабынуы, ісіну жағдайлары азаяды. Оны салу жұмысы асқан шеберлікті талап етеді. Қазіргі таңға немістер Еуропа көлемінде 120 мың титан протезін ілген. Осы арқылы адамның өмір сүру қабілетін арттырып қана қоймай, сонымен бірге бастың ішіндегі қабыну, ісіну және жалпы ауру жағдайларының алдын алатын бұл тәсілдің елімізде қолданылып келе жатқанына көп болған жоқ. Модельденген титан торының қолданылуы арқылы бас сүйегінің кемістігіне жасалатын отаны Тараздық дәрігерлер алғаш рет жасап отыр», -делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Бүгінде науқастың отадан кейінгі жағдайы күн сайын жақсарып келеді. Алайда, жасөспірімнің денсаулығын ұдайы бақылап отыру үшін дәрігерлер оған тексеріліп тұруды және жылына екі мәрте оңалту орталығына келіп, тұрақты ем қабылдауды ұсынған.