Жамбылдық полицейлер жерасты цехынан 10 тоннаға жуық алтын кенін анықтады
««Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері құрамында бағалы металдар бар шикізатты, тастарды заңсыз өңдеумен айналысатын жерасты цехының қызметін тоқтатты. Жеке тұрғын үйді тексеру кезінде электрлі ұнтақтау диірмені, ұнтақталған кеннің қалдықтары, елек, магнит, таситын арбалар, күректер, сынапты сұйықтық, екі үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды.
Қоймада 30 және 58 жастағы екі жұмысшы болды.
Ұсталғандардың айтуынша, олар ақылы түрде жұмыс жасаған. Полиция қызметкерлері цехтың қожайыны болып табылатын 37 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады», - делінген полиция хабарламасында.
Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабы 1-бөлігі (Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталып жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды.