Жамбылдықтар екінші дүниежүзілік соғыс батырларын еске алды
Жеңіс күнінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Майдан даласынан қайта оралмағандарды, марқұм майдангерлерді еске алу үшін ардагерлер, тыл еңбеккерлерімен қатар, бірқатар жамбылдықтар жиналды. Сонымен бірге, іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, құқық қорғау органдары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Бұдан соң аймақ басшысы бастаған топ саябақтағы «Данқ» залын аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұнда театрландырылған қойылым сахналанып, патриоттық әндер шырқалды.
«Данқ» залы соғыс жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ғимаратта 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежіре топтастырылған. Залдың 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғаларындағы суреттерде сол кезеңдегі соғыс көріністері бейнеленген. Сондай-ақ, «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін суреттер де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.
Шара барысында «Жамбылдық әскери құрамалар» атты жинақтың тұсауы кесілді.