Жамбылдықтар Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаровты «Жыл спортшысы» атады
ТАРАЗ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - «Жыл спортшысын» анықтау кезінде жамбылдықтардың басым бөлігінің таңдауы Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаровқа түсті. Облыстық «Знамя труда» газетінің өңір тұрғындары арасында жүргізген дауыс беру нәтижесі осыны көрсетіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 26 жасар Ақжүрек Таңатаров Лондонда өткен Олимпиадада еркін күрестен 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.
Спортшының ендігі жоспары - 2013 жылы қыркүйекте Әзірбайжанда өтетін әлем чемпионатына, сондай-ақ халықаралық турнирлер мен Әлем кубогына қатысу.
«Өзімнің дайындық деңгейімді әлем чемпионатында сынап көрмекпін, чемпион атануды көздеп отырмын», - деді А. Таңатаров.
2012 жылғы жамбылдық еркін күрес шеберлерінің өнер көрсетуіне баға берген ол Жамбыл облысы тарихында бұған дейін мұндай жемісті жыл болған емес деп атап өтті.