Жамбылдықтар VII қысқы Азиада ойындарының Алауын қабылдады

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл жеріне VII қысқы Азиада ойындарының алауы жетті.

Жамбылдықтар VII қысқы Азиада ойындарының Алауын қабылдады

12 қаңтар күні ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы келіп қонған «Әулие-Ата» әуежайында Азиада-2011 ойындарының алауын облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген, Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбеков, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Бақтияр Артаев, Тараз қаласының жастары мен ақсақалдары, БАҚ өкілдері қарсы алды.

«Алау эстафетасының мақсаты - республикамызда өткелі отырған сайыстарға қазақстандықтардың назарын аударып, облыс орталығын бір күнге болсын Азиада ойындарын қабылдайтын қалаға айналдыру», - деді баспасөз мәслихаты барысында 7-Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы дирекциясы жетекшісінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

«Мысалға, бірінші облыс орталығы Тараз қаласын алайық, Азиада алауын алып жүру жолында біз жобамыздың іске асқандығына көз жетекіздік. Жамбыл жастарының Азиада алауын қалай қарсы алғанын көре отырып, еңбегіміздің зая кетпегенін түсіндік», - дейді С.Құранбек.

Азиада алауы облыс орталығына автотізбек құрамында жеткізілді. Алау эстафетасы дирекциясының өкілі тараздықтардың барлығын бүгін, 13 қаңтар күні өтетін халықаралық маңыздағы спорт шарасының куәсі атануға шақырды, сонымен қатар Алау эстафетасы бекітілген кесте бойынша жүріп өтетіндігін еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, алау бағдарының Тараз қаласындағы жүру қашықтығы Тұңғыш Президент саябағынан Жамбыл Жабаев ескерткішіне, Орталық базар жанындағы алаң мен кері қайтар жолдан Тұңғыш Президент саябағына дейін 12 шақырымды құрайды. Алау ұстаушылардың әрқайсысы 200 метр жүріп өтеді, ал эстафетаны Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев бастайды.