Жамбылдықтар жыл басынан жол ережесін 7,3 мың рет бұзған
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және қолайсыз ауа райында қала сыртына шықпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жыл басынан бері Жамбыл облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны 7 мың 346 жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Сонымен қатар, «Арқан» мобильді кешенімен облыс бойынша 5 927 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Жылдамдықты асырғаны үшін 2 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен түрлі құқық бұзушылықтар үшін айыппұл тұрағына 65 автокөлік қойылды десек, оның ішінде 4 автокөліктің иесі мас күйінде ұсталған.
«10 ақпаннан бастап жол-көлік оқиғаларының қауіпті аймағы болып табылатын «Тараз-Аса» тас жолында 2 арнайы «Арқан» мобильді кешені орнатылды, олардың көмегімен бүгінгі күні жылдамдық режимін асыру бойынша 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, бұл көрсетілген жол учаскесіндегі жол жағдайын едәуір жақсартты. Ауа-райының қолайсыздығы, қатты жел мен тұманның түсуі, жолдардағы көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғасының өсу қаупі артуда. Жүргізушілер ауа-райы туралы ескертулерге назар аударып, жолдағы жағдайды қадағалап, өз өмірі мен жақындарының денсаулығына қауіп төндірмеуі және жолға шықпауы керек», - делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.