Жамбылдықтарға су тасқыны қаупі ескертілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына шамадан тыс жауын-шашын түседі деп күтілуде және сел туралы алдын ала ескерту жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
14 ақпан күні облыс аумағына жауған қар межеден асты және облыс орталығы мен аудандардағы қар жабыны 45-50 сантиметрге жетті. Транзиттік жолаушылар қар құрсауына қалып қойды, республикалық маңызы бар автожол бөліктерінде қозғалыс тоқтады.
Одан кейін өңір аумағына орнаған нөлден жоғары температура (+8 градусқа дейін) қардың еруіне әкеп соқты. Оның үстіне, синоптиктердің болжауынша, жақын күндері жаңбыр жаууы мүмкін.
«Қазгидромет» РМК алдын ала ескертуіне сәйкес, - делінген Жамбыл облыстық ТЖД хабарламасында, - жақын күндері, 17 ақпанда мол жауын-шашынның күтілуінен Жамбыл облысындағы таудың етегіндегі өзендерге жиналған еріген қар мен жауын-шашын сулары беткейге қарай ағуы мүмкін».