Жәмила Серкебаева соғыс және ҚР Қарулы күштері ардагерлері алдында өнер көрсетті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтағы әскерлер Әскери институтындағы дәстүрлі мерекеде өзінің бар өмірін әскери жоғары оқу орнында қызмет етуге арнаған ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері - оқытушылар мен командирлер бас қосты. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналғандар алдында Құрлықтағы әскерлер Әскери институты бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Руслан Қабдулинов құттықтау сөз сөйледі. Ол Ұлы Отан соғысына қатысушы Григорий Михайловтың есімін ерекше атап өтті.
Ардагер Пушкин танк училищесін кіші лейтенант шенімен аяқтап, армияға шақырылды, онда ол Берлин түбіндегі ұрыстарға қатысты, жапон армиясын талқандауға араласты. Алматыдағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев атындағы Жоғарғы жалпыәскери командалық училищеде Григорий Павлович 1970 жылы негізі қаланғаннан бері қызмет етуде. 1979 жылы отставкаға шықса да көп жылдар бойы азаматтық қорганыс органдарында жұмыс жасады.
Сондай-ақ елімізді фашистік басқыншылықтан азат етуге әрбір алтыншы қазақстандық қатысқаны, он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны аталып өтті. Қазақстан қуатты әскери лагерьге айналды, мұнда Қызыл Армияның ең таңдаулы бөлімдері мен құрылымдары қалыптасты.
Ардагерлерді құттықтауға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, атақты музыкант Жәмила Серкебаева келді. Ол классикалық шығармаларды тебірене орындап, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырды.