Жан Кособуцкий соңғы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте айтарлықтай жоғарылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий (14-0, 13 КО) Минскідегі жеңісінен кейін Boxrec.com беделді порталының рейтингіндегі орны жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Жан Кособуцкий соңғы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте айтарлықтай жоғарылады

Кособуцкий оныншы раундта поляк боксшысы Камил Соколовскиді (9-18-2, 3 КО) нокаутпен жеңіп, рейтингте аса ауыр салмақта 47 орыннан 44-ке көтерілді. Бұл қазақстандықтың кәсіби карьерасындағы өткізген 14 жекпе-жектің он үшінші нокауты. Оның ішінде жеті рет қатарынан нокаутпен жеңген.

Еске сала кетейік, Жан Кособуцкий IBO Inter-Continental нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. 31 жастағы аса салмақтағы боксшы үшін бұл оның Universum Box-Promotion жаңа промоутерлік компаниясымен өткізген екінші жекпе-жегі болды.