«Жаңа адамдар» кәмелетке толмағандарға ішімдік сатқан дүкенде ереуіл өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері Астанада кәмелетке толмағандарға ішімдік сатқан дүкенде ереуіл өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қозғалыс белсенділері «Заң» деп аталатын азаматтық акция аясында кәмелетке толмаған жастарға ішімдік пен шылым сататын дүкен иелерін тәртіпке шақырған болатын. Бірақ, ол үндеуден дүкен иелері ауыз толтырып айтатындай қорытынды шығармаса керек.
«Күйші Дина көшесі, 23/1 мекенжайында орналасқан «Aidyn» дүкенінің әкімшісі 16 жастағы жасөспірімге 40 градустық ішімдікті еш ойланбастан сатты. «Жаңа Адамдар» өкілі дүкен иесіне қателігін түзетуге мүмкіндік берген. Дегенмен, олардың реакциясы, жұмсартып айтқанда, өте дөрекі болған. Қатені мойындаудың орнына біздің белсенділерге жұдырық ала жүгірді», - дейді Төлеби Биқасым.
Қозғалыс белсенділері мұндай дөрекілікке «итальян ереуілімен» жауап берген.
«Қозғалыс белсенділері бір сағат бойы сіріңке, сағыз сияқты ең арзан тауарларды бір-бірлеп сатып алып, кезекті қолдан ұзартты. Сондай-ақ, сатып алған тауарының сапа деңгейін растайтын сертификат құжаттары мен түбіртек талап етті. Есеп айырысып болған соң, тағы бір дана тауармен кезектің соңына тұрып, дүкеннің жұмысын баяулатып отырдық. Осының салдарынан бір сағаттың ішінде дүкен кассасына 200 теңге түсті. Осы арқылы біз дүкен иесіне заңға немқұрайлы қарауға болмайтынын, ол барша қазақстандыққа ортақ екнен көрсеткіміз келді», - дейді қозғалыс белсендісі.