Жаңа Әкімшілік кодекс дау-дамайда әлсіз тарапты қорғайды - Қанат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин бүгін қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ерекшеліктерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Себебі, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бүгіннен бастап күшіне енеді. Осылайша елімізде жаңа сала – әкімшілік әділет жүйесі іске қосылады. Сіздер елімізде азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің 3 түрі бар екенін жақсы білесіздер. Жаңа Кодекстің қолданысқа енуімен сот ісін жүргізудің төртінші түрі – әкімшілік соттар жұмыс істей бастайды», - деді Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер әлем елдерінде шенеуніктерді тәртіпке шақыратын арнайы жүйе құрылғанын атап өтті.

«Мұны әкімшілік әділет деп атаймыз. Әкімшілік әділеттің миссиясы – билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғау. Мысалы, біреу әкімдіктің шешімімен келіспейді. Ол қайда барады? Әрине, сотқа барады. Ал, сот ол дауды осы күнге дейін Азаматтық процестік кодекстің тәртібімен қарап келді. Ол Кодекстің ерекшелігі – біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығады.

Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Ал, жай адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар органмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Мемлекеттік органның заңгерлері бар, мүмкіндігі көп. Сондықтан ондай даулардың көбісі қалай аяқталатынын бәріміз жақсы білеміз. Оған дәлел – статистика. Даулардың 85% мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп келді. Әрине, осылай болған соң соттарға, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазандай», - дейді Қ. Мусин.

Ал жаңа Кодекс бойынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады.

«Мұнда тараптар тең емес. Сот арыз иесі ретінде жеке азаматқа немесе кәсіпкерге барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны енді талапкер дәлелдемейді. Сол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі оның заңдылығын, қажеттілігін, негізділігін дәлелдеуі тиіс», - деп түсіндірді Қанат Мусин.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі күшіне енді.

Одан бөлек, ҚазАқпарат Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізгі нормалары туралы хабарлаған болатын.




Соңғы жаңалықтар