Жаңа ақша-несиелік саясатты тиімді жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банктің құзыреті жандана түседі
ҰБ өкілінің сөзіне қарағанда, қарыз алушы жеке тұлғалардың қарызының өсіп кетуін болдырмау мақсатында заң жобасымен банктерге заемшылар проблемасына қатысты белгілі бір мерзімді енгізу көзделеді. Бұдан бөлек, тұрақсыздық айыбы, айыппұл немесе өсім көлемінің шекті мөлшері де қарастырылып отыр. Сонымен қатар заем бойынша төлем жеткіліксіз болған жағдайда қарызды жабудың кезектері белгіленеді. Бұл ретте ең бірінші кезекте негізгі қарыз, екінші кезекте кредит бойынша сыйақы, сосын тұрақсыздық айыппұлы, айыппұл, өсім секілді кезектер реті қарастырылып отыр.
«Заемшылардың мейлінше ақпараттануын қамтамасыз ету мақсатында және кредиттер ұсынудың ашықтығын қамту үшін нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған тізімнен бөлек, банктік заеммен, шағын несиемен байланысты түрлі комиссияларға тыйым салынады. Сонымен қатар заң жобасымен екінші деңгейлі банктердің жұмыс істемейтін активтерімен жұмысты жақсарту бағытында қосымша тетіктер мен шарттар құру көзделген. Ал жаңа ақша-несиелік саясатты тиімді жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банктің құзыретін жандандыру қарастырылған. Атап айтқанда, бұл шетелдік валютамен операцияларды жүргізу, банктераралық ақша аударымдарының қызметі, төлем жүйесінің қызметін жетілдіру, қолма-қол ақша аударымынсыз төлемдер жасау секілді бағыттарды қамтиды», - дейді Қ.Қожахметов.