Жаңа әлемдік ахуал жағдайында өңірдегі мүмкіндіктердің бәрі қарастырылуы тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус пандемиясының салдарынан тұралаған әлем экономикасының қалай қалпына келетіні туралы сарапшылар болжамы әртүрлі. Біреулер бұның салдары бір-екі жылмен шектелмей, ұзақ мерзімге ұласатынын, енді біреулері өңірлерде тығырықтан шығудың жаңа жолдары ашылып, жаңа халықаралық институттар құруға мотивация пайда болатынын алға тартады. Әйтсе де, сарапшылардың бәрі бірауыздан – ендігі заман мүлдем өзгеше қалыптасатынын, әлемде жаңа тәртіптік жүйе болатынын мақұлдап жатыр.
None
None

Әлбетте, пандемия мемлекеттер арасындағы шекараларды жауып қана қойған жоқ, әрбір елдің ішкі өндірісін қайта қарап, біршама өзгерістер енгізуге де мүмкіндік қалдырды. Маска, медициналық қолғап, антисептик пен дезинфекция құралдары, сабын секілді қарапайым заттан бастап, тұрғындар үшін бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмекке зәрулікті өз ішіндегі өндірісті күшейту арқылы шешуге итермеледі. Бірқатар елдерде инфекциялық ауруханалар жедел тұрғызылды.

Бұған дейін «жаһандану дәуірінде шекара маңызды емес» деп келген мемлекеттер шеттен келетін қаражаттан ғана емес, қолжетімді тауарлар ағысынан бастап, түрлі-түрлі технологиядан қағылып қалғандай күй кешті.

Туризмге ғана арқа сүйейтін елдердің бюджеті ойсырады. Жаһандану осымен аяқталады ма, деген сұрақты да қоя бастағандар бар. Десе де, заман осылай тұра бермек емес екені бесенеден белгілі.

Пандемия қалай болғанда да уақытша құбылыс, тіпті ең қиын жағдай болған күннің өзінде де адамдар ұзаққа созылар болса, ондай құбылысқа да бейімделіп өмір сүре береді. Ендеше пандемиядан кейінгі кезеңдерге бүгіннен бастап сауатты дайындалу қажеттігі айқын аңғарылып отыр.

Шекара демекші Орталық Азия өңірінің де, Еуразия кеңістігінің де болашағы – интеграция. Өңірдегі интеграциялық процестерсіз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны түсінікті. Бұл тұрғыдан алғанда іргедегі Қытай мен Ресей секілді алпауыт елдердің арасындағы байтақ далада Қазақстанның орналасуы – теңізге шыға алмайтын еліміз үшін белгілі бір басымдықтар, артықшылықтар бере алады.

Түптеп келгенде Қазақстан үшін экономика тұрғысынан көршілес Қытаймен тығыз қарым-қатынас деңгейін арттыра түсу бұл кәдімгі өз ырқымен болып жатқан қалыпты жағдай болуы да тиіс.

Бұл жерде де ең бірінші кезекте Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты ұзақмерзімді стратегиясын айтпай кетуге болмайды. Өйткені, Қытайдың әлемдік масштабпен ойластырған ауқымды стратегиясы біздің өңір үшін ғана емес, Еуропа үшін де қажетті, тіпті мұхиттың арғы бөлігіндегі елдер үшін де маңызды.

Бұл ретте «Бір белдеу - бір жол» жаһандық бағдарламасының ауқымында оған әлемнің 130-дан астам мемлекеті, 30-ға тарта халықаралық ұйымы қатысып, жобаның өзі Орталық Азия, Еуропа және Африканың 60-тан астам елдерін жаңа көлік дәліздері арқылы байланыстыратынын ескеру керек.

Сондықтан да мұндай мүмкіндіктен тыс қалуды былай қойыңыз, оған тиісінше мән бермеудің өзі үлкен қателік болмақ. Сол үшін де Қазақстан билігі де «Нұрлы жол» бағдарламасын Қытайдың Жібек жолы экономикалық белдеуімен түйістіре отырып, жаңа өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуды мақсат еткен болатын.

Ал қазіргі ахуалға келсек, Қазақстан тарапы да коронавирус пандемиясына байланысты «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының қалай өзгеретінін де үлкен қызығушылықпен қадағалап отыр деп ойлаймын.

Өйткені, экономика мен барыс-келісті іркілткен жаһандық пандемия «Бір белдеу – бір жол» тұжырымына да әсер етіп, оның жүзеге асуына өз түзетулерін енгізіп жатыр. Бірақ жаһандық мегажобаның өзі бір жағынан алып қарағанда пандемияға қарсы күресуге болатын экономикалық тетік ретінде де өзін орнықты көрсетуге тырысқаны байқалады.

Ресми мәліметке қарағанда, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы жобалардың шамамен 60% белгілі бір деңгейде COVID-19 пандемиясының кесірінен жапа шеккен. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Халықаралық экономика департаментінің басшысы Ван Сяолунның айтуынша, пандемия «Бір белдеу-бір жол» аясындағы жобалардың 20%-на айтарлықтай нұқсан келтірсе, ал жобалардың 40%-на белгілі бір деңгейде әсер еткен, қалған 40%-ы кестеге сәйкес қалыпты жұмысын жүзеге асып жатыр.

Дей тұрғанымен, Қытай тарапы ұзақмерзімді трансшекаралық жобаларға қызығушылық таныта беретінін, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін танытып келеді.

«Статистикалық мәліметтерге қарағанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің экономикасына инвестициясы 11,7% өссе, тауар айналысы 3,2% артқан», - дейді Ван Сяолун.

Тағы бір деректер бойынша «Қытай-Еуропа» рейстері мен теміржол арқылы тұрақты жүк тасымалы бағыттарындағы жүк айналымы 2020 жылдың 4 айында 24 пайызға артып, былтырғы жылмен салыстырғанда 27% өскен. Мұндай деректер «Бір белдеу – бір жол» бастамасының өміршеңдігіне дәлел бола алады.

Әйтсе де, Қытай эпидемия аясында «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша ынтымақтастық динамикасын қалай қалпына келтірмек?

Бұл сұраққа ҚХР Мемлекеттік кеңес мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван И былай деп жауап берген екен:

«Әрине, эпидемия «Бір белдеу - бір жол» аясындағы ынтымақтастыққа шын мәнінде біршама әсер етеді, алайда жағымсыз әсердің бәрі тек уақытша әрі ішінара сипатқа ие. «Бір белдеу - бір жол» аясындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді перспективада пандемияның сынағына төтеп беріп қана қоймай, бұрынғыдан да орнықты, қуатты әрі болашағы мығым бола түседі».

Оның айтуынша, Қытай тарапынан бастама көтерілгеннен бергі 7 жыл ішінде 138 мемлекетпен «Бір белдеу - бір жол» аясындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылып, 2000-нан астам бірлескен жобалар құрылған, жүздеген мың жұмыс орындары ашылған.

Бұдан бөлек, осы жеті жыл ішінде Қытай мен «Бір белдеу – бір жол» бойындағы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 7,8 трлн АҚШ долларын құраса, Қытайдың осы елдерге салған инвестициясы 110 млрд АҚШ долларынан асыпты.

Сонымен қатар, Қытай тарапы коронавирус пандемиясы кезеңінде әлемдік күн тәртібіне шыққан қоғамның денсаулығын сақтау бойынша ынтымақтастық мәселесіне де елеулі түрде қызығушылықтар артқанын атап өтеді.

«Қытай тарапы «Бір белдеу – бір жол» бойындағы барлық әріптестерімен бірлесе отырып, «Денсаулық сақтау Жібек жолы» жобасын құруға дайын. Бұл ретте барлық елдер халықтарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, жоғары деңгейде «Бір белдеу - бір жол» видеоконференциясын өткізуге де болады. Сондай-ақ, «Цифрлы Жібек жолы» жобасын қалыптастыруға да көбірек көңіл бөлінсе, бұл жаһандық экономиканың қалпына келуіне қосымша серпін беріп, ұлттық экономиканың тағы бір өсім нүктесіне айналар еді. Жалпы, Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасын ілгерілетуге алдағы уақыттарда да басымдық ретінде қарай береді. Біз бірлесе талқылау, бірлесе жүзеге асыру және бірлесе пайдалану принцптерін басшылықта ұстап, ашық, таза және жемқорлыққа жол бермейтіндей қадамдармен халықтың игілігі үшін жоғары стандартты әрі орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыратын боламыз. Осылайша, «Бір белдеу – бір жол» жобасы дамуға, ынтымақтастық пен салауаттылыққа жеткізеді деп сенеміз», - дейді Ван И.

Байқағанымыздай, көршілес Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасының қарқынын үдетпесе, оны ақсатуға еш себеп қалдырмай отыр. Бұған Қытайдың әлеуеті де, мүмкіндігі де толық жетеді. Ал Қазақстан үшін осы мүмкіндікті қалай пайдаланған ләзім? Жалпы бұл жоба біз үшін несімен қызық?

Әлбетте осыдан 7 жыл бұрын бастаманың Қазақстанда жариялануының өзі осы жобаға деген біздің еліміздің маңызын білдірсе керек. Нақтырақ айтқанда, 2013 жылы Қазақстанда Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуі» идеясын Нұр-Сұлтан қаласында (сол кездегі Астанада), «Назарбаев Университетінде» алғаш рет айтты. Бұл бір жағынан «Бір белдеу - бір жол» жобасын іске асыруда Қазақстанның Қытай үшін Еуразия кеңістігіндегі сенімді әріптесі болатынын аңғартқан еді.

Жалпы, Қазақстан ғана емес, Орталық Азия өңірі де жаңа тұрпатта дамуға үлкен мүмкіндіктердің болғанын қалайды. Сондықтан бірлесе даму арқылы тұрақтылық, интеграция арқылы кез-келген қиындықты еңсеру өңір мемлекеттеріне қажет қадам, экономикалық мүддеге сай келетін бағыт.

Цифрлық трансформацияда, экономиканы цифрландыруда Қазақстанның алып көршісінің әлемде маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы саладағы жедел эволюцияның бәсекеге қабілеттілікті арттыратынын ескерсек, біз бұндай мүмкіндіктен неге ұтылуымыз керек?

Статитистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 14,5 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл цифр бүгін құлдыраса да, ертең өседі. Өйткені, Қазақстан үшін Қытай нарығы - қашанда үлкен мүмкіндік.

Бүгінгідей халық денсаулығы бірінші орынға көтеріліп отырған кезеңде Қазақстан өзінің экологиялық таза өнімдер шығару қуатына басымдық бергені абзал. Алысқа бармай-ақ, Қытайдың өзі Қазақстанның экологиялық таза өніміне қашанда қызығатыны сараланса, соның өзі зор мүмкіндікке айналмай ма?!

Биылғы коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстанда өндірілген бие сүті мен түйенің шұбаты ұнтақ күйінде Қытайға экспортталып, оның сұранысқа ие бола бастағанын естідік. Осы секілді бағытты кеңейтуге күш салынса игі.

Биылғы қыркүйектің 2-сіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа әлемдік ахуалға қарай инвестиция тарту мен қазақстандық тауарларды экспортқа шығаруды басымдық ретінде қарасын деді.

Ендеше, ел игілігі үшін, соның ішінде экономика мен экологияның денсаулық сақтаудан бастап, цифрландыруға дейінгі мүмкіндіктерінің бәрін «Бір белдеу – бір жол» секілді алып жобалармен ұштастыра қарастыруға ұмтылғаны дұрысырақ болар ма еді.


Соңғы жаңалықтар