Жаңа Әлеуметтік кодекс саладағы 16 заңды біріздендіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа әлеуметтік кодекс саладағы 16 заңды біріздендіреді. Бұл туралы ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» хабарындағы сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Әлеуметтік кодекс ең әуелі екі үлкен мәселені шешуі керек. Біріншісі – бүкіл нормативтерді бір құжатқа икемдеп, біріктіру. Қазір әлеуметтік қамсыздандыру саласында 1 кодекс, 16 заң жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшылары 30-дан астам заңнамалық актіні, 150 заңға бағынысты актіні зерттеп шықты. Қаншама жүктеме екенін елестетіп көріңіз. Неге олай? Өйткені Қазақстан әлеуметтік қолдауға өте көп инвестиция жұмсайды. Ал мұндай саясат әркімге мейлінші түсінікті болуы керек», - деген Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары саладағы заңнаманы біріздендіру арқылы адамға бағдарланған әлеуметтік саясат іске асатынын атады.

«Екінші мәселе сәл күрделірек. Мемлекеттік аппараттың төңірегіндегі әлеуметтік шеңберлерді бұзу қажет. Қазір бұл саладағы әрбір жеке акт жеке бір мемлекеттік органның құзырында. Шартты түрде айтсақ, 16 мемлекеттік орган 16 түрлі заңды өз құзыреті бойынша әрқалай тәпсірлейді. Әлеуметтік саланың бүкіл нормаларын бір кодекске біріктіру аталған нормаларды әлеуметтік тәуекелдер бойынша түзуге мүмкіндік береді. Бұл – Президент айтып жүрген адамға бағдарланған әлеуметтік саясаттың негізі. Бәлкім бұл қатқылырақ естілетін шығар. Бірақ жаңа Әлеуметтік кодекс арқылы тікелей төлемдер арқылы проблемаларды бүркемелей бермей, азаматтарға мүмкіндік ұсынуға мүмкіндік туады», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар